Басты бет / Жаңалықтар / Талантымен талапты шәкірт тәрбиелеген ұстаздар ұлықталды
Талантымен талапты шәкірт тәрбиелеген ұстаздар ұлықталды

Просмотров: 1054

Бүгін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде ерекше мерейлі күн болды.

Дәл бүгін ұстаздық пен ғалымдықтың тізгінін тең ұстаған тұлғалардың мерейтойы тойланды.

Ұстаздардың болмысы да, тілегі де, мақсаты да бірұқсас келеді. Тілектің зоры -шәкірттеріне себілген білім нәрінің ұлтқа, мемлекетке қызмет етуі. Сондықтан мерейтойлары тұспа-тұс келген ғалымдарды бір-бірінен бөліп-жармай, оларға университет деңгейінде құрмет көрсетілді. Бүгінгі мерейтой иелері - педагогикалық ғылымдар Академиясының академигі, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Нұрберген Омарқожаұлы мен ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Сауқымбек Қауысұлы Шауенов ағамыз 75 жастың биігін бағындырса, Нина Адамовна Шестакова 70 жасқа келіп отыр.

«Ақырын жүріп анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға», - деп хәкім Абай айтпақшы, мерейтой иелері ғылыми ортадан, тынымсыз еңбектен қол үзген жоқ. Тәңір дарытқан ұстаздық болмыстарынан ажыраған         емес.
Жетістіктің жеңіл келе қоймайтыны белгілі. Ол көп ізденіс пен тынымсыз еңбекті қажет етеді.
Мәселен, Нұрберген
Омарқожаұлы орта мектепті бітіріп, 1966 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының зоотехникалық факультетіне түскен. Институтты 1971 жылы үздік дипломмен бітіріп, аспирантураның күндізгі бөлімінде оқыды.

Малды азықтандыру және азық технологиясы ғылыми мамандығы бойынша 1975 жылы кандидаттық, ал 1995 жылы докторлық  диссертация қорғады. 1996 жылы профессор лауазымын иеленді. Сонау жетпісінші жылдардың бедерінен бүгінгі күнге дейін ғылымнан ажыраған емес.

Сауқымбек Қауысұлы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірісімен (1972 ж.), Көкшетау облысына жолдамамен қызметке орналасты. Аталған облыстың «Кутузовский» совхозының «Петропавловск» фермасында екі жылдан аса зоотехник қызметін атқарды. Кейінірек (1974-1977 жж.) Оңтүстік Қазақстан облысы Алғабас ауданының ХХІІ Партсъезд совхозының «Төменгі Боралдай» фермасында зоотехник болып еңбек етті.

1977-1980 жылдары Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу технологиялық институтында аспирантураның күндізгі бөлімінде оқыды. Аспирантурадан кейін 1985 жылға дейін осы институтта ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді.

1985 жылдан 2004 жылға дейін Қазақ ұлттық аграрлық университетінде қатардағы ғылыми қызметкер, ассистент, доцент, университеттің «Ветеринария және мал шаруашылығы институтында» оқу бөлімінің бастығы, директордың орынбасары, «Мал шаруашылығы технологиясы» факультетінің деканы қызметтерін атқарды.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде 2004 жылдан бері еңбек етеді. Атап айтқанда, 2004-2007 жылдары университеттің «Технологиялық» факультетінің деканы, 2008-2011 жылдары «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу технологиясы» кафедрасының меңгерушісі болса, қазір осы кафедраның құрметті профессоры.

Ал, Нина Адамовна 1976 жылы Ақмола ауыл шаруашылығы институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша аяқтап, институттың оқыту-тәжірибелік станциясында агроном болып еңбек етті.

1978 жылы Целиноград ауылшаруашылығы институтының "Өсімдіктану" кафедрасына ассисент болып жұмысқа орналасты.

Еңбек жолының негізгі бөлігінде Нина Адамовна агрономиялық факультет деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары, кафедра меңгерушісі болды. Қазір де кафедраға жетекшілік етеді.

Ұстаздық өнер – тағлымы терең өнер. Ал өнер -  кез-келген адамға қона бермейді. Шын ұстаз болу үшін, табиғи дарын - ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуға тиісті. Бұл жағынан мерейтой иелері құр алақан емес.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген сөз тегін айтылмаған. Аталған ғалымдардың ғылыми мектебі бүгінде қанатын кеңге жайып, ұстаздардың алдын көрген шәкірттерінің өзі талай буын ұрпақты тәрбиелеп шығарған аға буын өкілдеріне айналып үлгерді.

Профессор Нұрберген Омарқожаұлының ғылыми жетекшілігімен 3 докторлық, 3 кандидаттық, 12 магистрлік диссертация қорғалды.

Профессор Сауқымбек Қауысұлының жетекшілігімен бір философия докторы (РһD), 2 кандидаттық, 20-дан аса магистрлік диссертация жұмыстары қорғалды. Қазір 3 докторанты докторлық (РһD) жұмыстарын қорғауға дайындық үстінде және 1 магистрлік жұмысқа жетекшілік етуде.

Шестакова Нина Адамовна 2 ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидатын, сондай-ақ, 11 ауылшаруашылығы саласының магистрлерін дайындады.

Ғалымдардың құнды ғылыми мақалалары мен бірегей ғылыми еңбектері, әдістемелік оқу құралдары ғылыми ортада үлкен сұранысқа ие.

Бұл бағытта Омарқожаұлы Нұрберген ұстазымыздың 180-нен астам ғылыми және әдістемелік еңбектері жарияланған. Олардың ішінде 10 оқулық, 15 оқу құралы, 20 практикум мен оқу-әдістемелік құралдары, 10 ғылыми монографиясы мен 12 жаңалық патенттері және авторлық куәліктері, 7 өндірістік ұсыныстары мен 3 терминологиялық сөздіктері, 5 шетелдік импакт-факторлы журналдарда мақалалары бар.

Ғалым-ұстаз Сауқымбек Қауысұлының ғылыми және педагогикалық ізденістері нәтижесінде 200-ден аса ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектері баспадан шыққан. Оның ішінде, бір монография, үш оқулық, 9 ұсыныс, 10 оқу құралы, 5 шетелдік жоғары импакфакторлы журналдарда мақалалары жарық көрген.

Н.А.Шестаковның ғылыми-педагогикалық қызметінің нәтижесінде 400-ден астам ғылыми-әдістемелік кітаптар шығып, оның 4 мақаласы Scopus халықаралық базасына енген.

Мерейтой иелерін С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы-ректор, ҚР ҰҒА академигі Қанат Маратұлы Тіреуов құттықтап, әр мерейтой иесінің ғылымдығы өзіндік қолтаңбасы мен ұжымдағы орнына баға бере отырып, оларға алғысын айтып, жүрекжарды тілектерін жеткізді.

Сондай-ақ, факультет ұжымы атынан ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің деканы ветеринария ғылымдарының кандидаты, доцент Өркен Сұлтанхамитұлы құттықтады.

Салтанатты іс-шарада Нұрберген Омарқожаұлының шәкірті, Шәкәрім университетінен келген қонақ ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Жанахметұлы Көжебаев шәкірттері атынан құттықтау сөз сөйледі. Сауқымбек Қауысұлының шәкірті мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу технологиясы кафедрасының меңгерушісі Дулат Құсайынұлы Ибраев ұстазына арналған жылы лебізін білдірді.

Нину Адамовнаны құттықтау үшін «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Төлеутай Рахымбеков, жер өңдеу және өсімдік шаруашылығы кафедрасының ардагерлері, профессор Қайыржан Ариновқа және профессор Н.Г.Шепетковқа, «Щелково Агрохим» компаниясының ғылыми кеңесшісі Жексенби Қайыржановқа берілді. Елдің мерейі төгілген салтанатта факультет ұжымы атынан агрономия факультетінің деканы Ғани Стыбаев ағынан жарылып құттықтап, мерейтой иелеріне жылы сөздерін аямады.

Бүгінгі күні мерейтой иелері, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ ғалымдарының атына келген құттықтау жеделхаттары толастамады.

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді дана халқымыз. Бүгінгі мерейтой иелері ұрпаққа аманаты ретінде соңғы жылдары шыққан ғылыми еңбектерін университетіміздің кітапхана қорына табыстады.

Ұрпаққа айтар ақылы, көрсетер өнегесі бар, аналық, әкелік сезімнің, дана ойдың ыстық лебі бар аға-ұрпақ өкілдері, ардагер ұстаздарымыз құрметке ие болып, ортамызда жүре берсін!