Басты бет / Жаңалықтар / Жеңіс мерекесі құтты болсын!
Жеңіс мерекесі құтты болсын!

Просмотров: 456

Құрметті Сейфуллин университетінің оқытушылары мен студенттері!

Сіздерді қасиетті мереке – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – Отан қорғаудағы өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халқымыздың шексіз қаһармандығы мен мұқалмас қажыр-қайратын еске алатын мереке.

Екінші дүнежүзілік соғыстағы көп ұлтты мемлекетке Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Майдангер аталарымыздың иығына аса ауыр жүк түсіп, Отаны, елі үшін от болып жанды, оқ болып атылды. Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай, жастығын жастанып қалды. Арын – байрақ, намысын найза еткен ерлердің қаһармандығы осы күнге дейін аңыз болып жетті. Осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың ерен үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етіп келгенімізге 79 жыл болды.

Уақыт өз дегенін жасайды. Жыл өткен сайын бізге Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлеріміз бен тылда аянбай еңбек еткен жандардың қатары сиреп барады. Сондықтан Жеңіске үлес қосқан – майдангерлерімізді құрметтеу, оларға қамқорлық жасау біздің борышымыз.

Бүгінгі ұрпақ – Батыр аталарының қаһармандығы пен қайсарлығынан үлгі алып, өседі. Сондықтан, 9 мамыр ерлікке толы күн болып, тарих күнтізбесінің мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.

Қадірлі университет оқытушылары мен студенттері! Біріміздің ата-әжелеріміз соғыс ардагерлері болса, біріміздің ата-аналарымыз тыл еңбеккерлері ретінде Жеңістің авторларына айналған. Олай болса, баршаңызды   Жеңіс мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбіт өмір, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!

Құрметпен,

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы-Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қ.М.Тіреуов