Басты бет / Жаңалықтар / 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Просмотров: 511

Құрметті Сейфуллин университетінің оқытушылары мен студенттері!

 

31 мамыр 1997 жылдан бері саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып атап өтілуде.

Еліміздің тарихында мерейі тасыған мәртебелі кезеңдермен қатар, «тар жол тайғақ кешкен» тақсыретті шақтар да аз болмады.

«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген науқанның салдарынан республикамызда 40 миллионнан астам мал басы қырылып,  халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Ашаршылық жылдарында елімізде 1,5 миллионға жуық адам қайтыс болды. Енді сол  ашаршылыққа дейінгі санымызға тек, араға жарты ғасырға жуық уақыт салып әзер жеткеніміз - осы зұлматтың қаншалықты қасыретті болғанын көрсетеді.

ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз жандардың көз жасы тарихымыздың шерлі беттерінде мәңгілікке қалды. Өткен ғасырдың жендет-жазалаушылары еңбектеген сәбиді де, еңкейген кәріні де, табиғаты нәзік әйелді де аямаған.  Біздің ендігі жердегі борышымыз – осынау қанқұйлы жылдардың оқиғасын, ондағы жазықсыз құрбан болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау және сондай репрессияға жол бермеу.

Тарихшыларымыз  елімізде 2 миллионға жуық адам қазаға ұшырағанын дәлелдеді. Миллиондаған қандастарымыз жат елдерге босып кетті. Репрессияда Алаш арыстарынан бастап, бүкіл мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар мен ағартушылар қуғынға түскен. Солардың бірі, университетімізге аты берілген – Сәкен Сейфуллин.

Құрметті студенттер мен оқытушылар! Бұл тек қазаққа келген нәубет емес, одан Кеңес Одағындағы көптеген халықтар зардап шекті. Қызыл империяның қаны тамған заманда елімізде 20-дан астам лагерь жұмыс істеп, оларда 800 мыңнан астам  азаматтарымыз азап шеккен. Сол лагерьдің бірі – Ақмол ауылындағы АЛЖИР. 1937-1938 жылдар аралығында 103 мың адам қуғындалып, 27 мыңнан астам адам атылды. Бұл күні тек қуған-сүргін құрбандарының туған-туыстары ғана емес, бүкіл ел бабалар рухына тағзым етеді.

Ендігі жердегі біздің мақсатымыз -  халықтың бірлігін нығайта отырып, тыныштық жағдайда өмір сүру, ұрпақ тәрбиелеу. Бүгінгідей азалы күнде репрессия құрбандарын мәңгі жадымызда сақтай отырып, кейінгі ұрпақтарға тәуелсіздік тұғырынан қалаған боздақтарын ұмытпаса деген тілегім бар.

Құрметпен,

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы – Ректоры,

ҚР ҰҒА академигі Қ.М.Тіреуов