Басты бет / Жаңалықтар / 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні мерекесі
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні мерекесі

Просмотров: 544

Құрметті Сейфуллин университетінің студенттері мен оқытушылары!

Сіздерді 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл Отанымыз үшін патриоттық пен намыстың салтанат құрған күні. Себебі, әр азаматтың жүрегіндегі патриоттық сезімді қалыптастыруда мемлекеттік рәміздердің маңызы орасан зор.

Елтаңба, Ту мен Гимн – еліміздің тарихынан сыр шертетін, халқымыздың рухын, ұлттық салт-сана сезімін, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа артқан үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер, тәуелсіз мемлекеттің басты символдары.

Бұл рәміздер әр қазақстандық үшін ерекше қастерлі белгілердің жиынтығы. Бабалардың ғасырлар бойғы арманын ұлы болашаққа асқақтата көтерген «Менің Қазақстаным» атты Гимніміз әрбір қазақстандықтың жүрегін елжіретіп, бірлік пен татулыққа үндеуде. Осының бәрі – Қазақстанның жаңа тарихының қастерлі беттері. Тәуелсіздігімізді алғалы аз ғана уақыттың ішінде экономикасы қуатты, бірлігі бекем қазақ елі қалыптасып, бүгінде қуатты мемлекетке айналдық.

Қазір 130-дан астам ұлт өкілдері туған елдің көк туының астында ауызбіршілікпен өмір сүруде. Бүгінде көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропалық Қауіпсіздік Ынтымақтастық Ұйымы сияқты халықаралық беделді ұйымдардың штаб-пәтерлерінде желбіреп тұр.

Әлемдік додаларда Туымыз көтеріліп, Әнұранымыз шырқалуда. Мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу, мақтан тұту әрбір азамат үшін қасиетті борыш.

Ендеше, Тәуелсіздігіміздің алтын күмбезі саналатын мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесі арта берсін! Мерейлі мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, бақ-береке тілеймін.

Тәуелсіз еліміздің көк Туы аспанымызда желбірей берсін!

Құрметпен,

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы-Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қ.М.Тіреуов