Басты бет / Жаңалықтар / Мектеп бітіруші түлектер мен ата-аналарына арналған «Болашақ – білімді жастардың қолында» атты «Ашық есік күні» өтті
Мектеп бітіруші түлектер мен ата-аналарына арналған «Болашақ – білімді жастардың қолында» атты «Ашық есік күні» өтті

Просмотров: 450

2024 жылдың 24 сәуірі күні C.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде мектеп бітіруші түлектерге және ата-аналарына арналған «Болашақ – білімді жастардың қолында» атты «Ашық есік күні» өтті.

Аталған іс-шараны университет ректорының міндетін атқарушы, Басқарма мүшесі - академиялық мәселелер бойынша проректор Әбішева Роза Жанысбекқызы салтанатты түрде ашып, алғы сөз сөйлеп, мектеп түлектерін ҚазАТЗУ-дың әлеуетімен таныстырып, ҚР жоғары оқу орындарының ТОП-20 бас рейтингінің қорытындысы бойынша үздік университеттердің үштігіне кіретіндігін, сондай-ақ QS британдық әлемдік рейтингінің 4 жұлдызын иемденгендігі туралы айтты. Әлемнің 35 елінің ЖОО-мен және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық туралы 152 қолданыстағы келісімшарттары мен меморандумдары бар екендігін атап өтті. Студенттер жыл сайын Германия, Франция, ҚХР жетекші кәсіпорындары мен шаруашылықтарында теориялық және практикалық даярлықтан өту бойынша жазғы семестрге қатысатындығын баяндадап, жас түлектердің мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдауларына сәттілік тіледі.

Ашық есік күніне Астана қаласынан, Ақмола, Қарағанды облыстары мектептерінен 400-ден  астам мектеп оқушылары және мұғалімдер қатысты.

Іс-шараның мақсаты – мектеп бітіруші түлектерге мамандық таңдауға көмектесу, университеттің материалдық базасымен танысуға мүмкіндік беру.

Бүгін ата-аналар университетті білім беру сапасы, инфрақұрылым, қауіпсіздік және жайлылық тұрғысынан бағалап, жоғары білім алғаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпарат алды. Өз кезегінде оқытушылар мен факультет қызметкерлері талантты талапкерлермен танысты.

Академиялық мәселелер департаментінің бас менеджері Төлбаев Әбдікерім Әбеуұлы, академиялық ұтқырлық және халықаралық ынтымақтастық департаментінің бас менеджері Мусаева Мадина университет туралы, білім бағдарламалары, ҰБТ өзгерістері туралы және академиялық ұтқырлық бағдарламалары мен халықаралық ынтымақтастық жайында ақпарат берді.

Кездесу барысында мектеп директорлары және мектеп мұғалімдері кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізуге белсенді үлес қосқаны үшін алғыс хаттармен марапатталды.

5 наурыз - 22 сәуір аралығында С.Сейфулиннің 130-жылдық мерейтойы аясында «Университет жастар көзімен» атты бейнеролик байқауы өткізіліп, жеңімпаздары марапатталды. «Жер ресурстарын басқару, сәулет және дизайн» факультетінің  2 - курс студенті Диас Исабай смарт сағатпен, «Жер ресурстарын басқару, сәулет және дизайн» факультетінің 2 - курс студенті Адема Каналбай және «Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы» факультетінің 3 - курс студенті Санжар Базарбеков ақылды колонкамен, өзге де белсенді  қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.

Университет туралы жан-жақты мәлімет алған болашақ талапкерлер «Ашық есік күні» салтанатты жиыны аяқталған соң университет факультеттерінің зертханаларын аралап,  материалдық базамен жан-жақты танысты.