Басты бет / Жаңалықтар / Бие сүтінің емдік қасиеті
Бие сүтінің емдік қасиеті

Просмотров: 1944

Қамбар ата тұқымының қазіргі қазақ елінің жерінде алғаш рет қолға үйретілгені тарихтан белгілі. Қазақстанның солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі “Ботай” қонысында жүргізілген қазба жұмыстарында осы дерек айқын дәлелденген.

Енді бүгін бие сүтінің емдік қасиеті жөніндегі әңгімеге оралсақ. Денсаулық – табиғаттың ең қымбат сыйы. Күнделікті тірлікпен жүріп, оған көп көңіл бөле бермейтініміз рас. Аздап сырқаттансақ, өзіміз білетін дәрі-дәрмектерді ішіп әуреленеміз.

Қазақ халқы «Ағы бардың бағы бар» деп бекер айтпаған. Сүтті соншалық қасиеттеудің басты себебі – ол тіршілік арқауы, одан неше алуан құнарлы тағам әзірленіп, дастарқан мәзірі дайындалған.

Төрт түліктің, оның ішінде бие сүтінің емдік қасиеті мол екендігіне ешқандай дау жоқ. Әсіресе, бірінші рет құлындаған, яғни, қулық биенің сүті сақа биелерге қарағанда әлдеқайда қуатты болады екен. Бие сүтінің бойында құрғақ заттардың белок, майдың басқа сүтпен салыстырғанда аз мөлшеріне қарамай, өте таңғажайып құдіретті табиғи зат бар. Сонымен қатар саумал немесе қымыз ішектегі пайдалы мирофлораның түзілуіне, зиянды бактериялардың жойылуына, ас қорытудың жақсаруына ықпал етеді.

Ертеде қазақта құрт ауруы – туберкулезге қарсы бие сүті – саумал мен қымыздан басқа ем болмаған. Саумалдың құрамындағы заттар түрлі ісік пен жұқпалы ауруларға қарсы қолданылады. Сонымен бірге жұқпалы аурулардан қорғануға пайдаланылады. Дәмі, ешбір ағарғанға ұқсамайды, қайнатуға келмейді. Шикілей сақтасаң, қасиеті арта береді тұра-тұра қымызға айналады. Құрамында басқа сүтте кездеспейтін антибиотик бар. Сондықтан ол емдік қасиетінен айырылмайды. Бұл сөздерді мамандар да растап отыр.

Дәрігер пікірі:

«Бие сүті А, С, В1 дәрумендеріне бай. Оның минералдық қасиеттері 12 сағатқа дейін жойылмайды. Қысқасы, бие сүтінде адамның денсаулығына керекті барлық витаминдер бар. Әсіресе ол А және С тобындағы витаминдерге бай. Сонымен қатар В тобындағы Д, Е, F витаминдері кездеседі. В тобына жататын барлық витаминдер организмнің қалыпты тіршілік етуі үшін қажет. Сондай-ақ, саумал асқазан жарасын емдеуге, бауыр, иммундық жүйе жұмысының бұзылуына, туберкулез, ішек, тері ауруларын емдеуге қосымша ем ретінде пайдаланылады».

Бие сүті өзінің құрамы бойынша ана сүтіне жақын. Сондықтан адам үшін сиыр сүтіне қарағанда бие сүті жеңіл қорытылып, тез сіңіріледі. Бұны жас балалардың және ас қорыту жүйесі қызметі нашарлаған адамдардың тамақтануында қолдану оң нәтиже береді. Бие сүтінің шипалы қасиеті – оның көптеген аурулардың алдын алуында жатыр. Бие сүтінде денсаулыққа керекті барлық дәрумендер жеткілікті. Бүгінде арамызда бие сүтін сатуды кәсіпке айналдырғандар да жеткілікті.

 Жылқыны қазақ халқы ежелден қастерлеген. Осы бір қасиетті түліктің қазақ халқы үшін орны ерекше. Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналып кеткен. Тұран халқының жылқы түлігін төресіндей көретіні сондай, қазақ жылқы мінезді деп, өзінің мінез-құлық, бітім-болмыс, жан дүниесінің анықтауышына айналдырған. Демек, біз үшін жылқы тектіліктің бірден бір нышаны саналады.

Мақпал Орынбетова