Басты бет / Жаңалықтар / Біліктілік арттыру курстары өтті
Біліктілік арттыру курстары өтті

Просмотров: 452

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Профессорлық-оқытушылық жұмыс орталығы «Экология» кафедрасымен бірлесіп, 2024 жылдың мамыр айында Қазақстан мен Өзбекстанның оқу және ғылыми орталықтары арасындағы халықаралық ынтымақтастық аясында Ташкент химия-технологиялық институтының оқытушыларына Экология бағыты бойынша  біліктілік арттыру курстарын өткізді.

Курс барысында тыңдаушылар қоршаған ортаның жай-күйін, климаттың өзгеруін экологиялық мониторингтеу әдістерін зерделеді, экологиялық нормалау, биоалуантүрлікті сақтау, айналмалы экономика шеңберінде табиғи ресурстар мен қалдықтарды басқару, Қазақстанның БҰҰ Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуі үшін «жасыл» дағдыларды енгізудегі жұмыстарының мән-жайына көңіл аударды.

Өзбекстандық әріптестер кафедра қызметкерлерінің халықаралық білім беру UnWaste EU ERASMUS+618715-EPP-1-2020-1-DE-EPPKA2-CBHE-JP «Қалдықтарды басқару» магистрлік бағдарламасын әзірлеу және енгізу арқылы серіктес елдерде айналмалы экономиканы дамыту» бойынша қазақстандық және еуропалық жоғары оқу орындарының қалдықтарды тұрақты басқару мәселелеріндегі тәжірибесін атап өтті.

Шетелдік әріптестер «Экология» кафедрасының білім беру және ғылыми жобаларымен, Университеттің зерттеу орталықтарымен, зертханаларымен, ГАЖ-орталығымен, топырақ мұражайымен, ауыл шаруашылығы биотехнологиясы ғылыми-өндірістік платформасымен танысты. Сондай-ақ, олар оқытылатын пәндер бойынша бейне-дәрістер мен ЖАОК әзірленетін заманауи бейне-студия қызметіне қызығушылық танытты.

Курс тыңдаушылары «Экология» кафедрасының профессорлы-оқытушылық құрамымен бірге «Қазақстанда экологиялық ағартуды ілгерілету» тақырыбындағы конференцияға қатысты. Осы конференцияда орта мектеп оқушыларына арналған «Экомектеп» оқу құралының тұсаукесері өтті.

Ташкент химия-технологиялық институтының «Өнеркәсіптік экология» кафедрасының оқытушылары ел жастарына экологиялық білім беру және олардың экологиялық мәдениеті мен дүниетанымын қалыптастыру мәселелерінде Қазақстан педагогтерінің әлеуетін жоғары бағалады.

Курс бағдарламасын сәтті аяқтаған тыңдаушыларға сертификаттар табысталды.

Әріптестерімізге табыс, жаңа жетістіктер және жоғары оқу орындары арасындағы жемісті ынтымақтастықты тілейміз.