Басты бет / Жаңалықтар / Аттанды сапарға көңілде мол арман...
Аттанды сапарға көңілде мол арман...

Просмотров: 970

Бүгін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің шежіре-тарихына тағы бір елеулі оқиға жазылды. 2024 жылдың 25 маусымында С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Отандық аграрлық саланы өркендетіп, еліне қызмет ету үшін, еңбек нарығына  кезекті мамандар тобын қосты.

Бүгінгі қолдарына дипломдарын алған түлектеріміз Жоғары оқу орындарының Ұлттық рейтингісінде көшбасшы атанған, республикаға танымал университетті тәмамдап отыр.  Олар 83 ғылым докторының және 376 ғылым кандидатының,18 PhD докторының алдынан білім мен тәлім-тәрбие алды.  Университет ұжымы түлектерімізге мамандар бәсекелестігінде топ жарады деген сеніммен қарайды.

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ бас ғимаратының алдындағы алаңда, М.Гендельман атындағы залда, агрономиялық факультет пен техникалық факультеттің алдында салтанатты жиындар өтіп, түлектеріміздің қолдарына диплом тапсырылып, құшақтарына гүл толды. Университет өміріндегі осынау айтулы оқиғада Сейфуллин университетінің аппарат жетекшісі, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор  Ж.М.Жазықбаева, Басқарма мүшесі - академиялық мәселелер жөніндегі проректор, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Р.Ж.Әбішева, Басқарма мүшесі - ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі проректор, физика-математика ғылымдарының кандидаты Е. Ө. Сырғалиев, Басқарма мүшесі - студенттік істер жөніндегі проректор, филология ғылымдарының докторы Ж.А.Құсайынова өздерінің жүрек жарды құттықтау сөздерін айтты. Университет басшылары түлектерге сәт-сапар тілей отырып, Әділетті Қазақстанның болашағы үшін қызмет ететін, үздік мамандар қатарында болыңыздар деген тілектерімен дипломдарын табыс етіп, өмірдің келесі белесіне шығарып салды. 

Жас түлектердің диплом алу қуанышына олардың ата-аналарымен қатар, университет түлектеріне жұмыс берушілер, Сейфуллин университеті түлектері клубының төрағасы А.Майер, Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» орденінің иесі Ерік Жолжақсынов келіп, университет түлектерін құттықтап, үлкен өмір жолында толымды табыстар тіледі.Сондай-ақ, ата-аналар мен түлектерге де сөз кезегі берілді.

Сөйтіп, бүгін Сейфуллин университеті өз түлектеріне магистр дипламдары мен Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультеті, техника факультеті, агрономиялық факультеті, энергетика факультеті және Жер ресурстарын басқару, сәулет және дизайн факультеті өз түлектерінің қанаттарын қатайтып, үлкен өмірге атандырды.

Қолдарына дипломдарын алған түлектерге Сейфуллин университетінің абыройын адал еңбек, азаматтық келбеттіріңізбен асқақтатып, бар армандарыңызға жете беріңіздер деген тілекке біз де қосыламыз.