Басты бет / Жаңалықтар / Етті ірі қара малын бағалаудың замануи талаптарының қыр-сырын жетік түсіндірген курс
Етті ірі қара малын бағалаудың замануи талаптарының қыр-сырын жетік түсіндірген курс

Просмотров: 574

«С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ» КЕАҚ Профессорлық-оқытушылық жұмыс орталығында 2024 жылдың 10 маусымында басталған «Етті ірі қара бағытындағы малды бонитерлеу (классификатор)» тақырыбы бойынша оқыту курсының бағдарламасын толық игеріп, сәтті аяқтаған тыңдаушыларға сертификаттар табысталды.

Курстық оқытудың негізгі мақсаты еліміздің әр өңірінен келген мал шаруашылығы саласының мамандарын етті бағыттағы ірі қара малын селекциялық белгілер жиынтығы бойынша кешенді бағалаудың (бонитерлеу) замануи әдістері мен тәсілдерін меңгерту болды.

Курс барысында тыңдаушылар теориялық сабақтармен қатар шаруашылық жүргізу базасында пракикалық сабақтарға қатысып, біліктіліктерін арттырды. Тыңдаушылар оқытушының материалды сауатты ұсыну және практикалық сабақтарға баса назар аударуының арқасында курс бағдарламасын сәтті игере алды.

Оқыту бағдарламасының мазмұны, игерген білімдері мен тәжірибелері туралы курс тыңдаушыларының алғысқа толы оң пікірлерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ» КЕАҚ Профессорлық-оқытушылық жұмыс орталығы мен «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу технологиясы» кафедрасының ұйымдастыруымен «Етті ірі қара бағытындағы малды бонитерлеу (классификатор)» тақырыбында өткізілген біліктілікті арттыру курсына мал шаруашылығы саласының маманы ретінде кәсіби біліктілігімді көтеру мақсатында Жамбыл өңірінен келіп отырмын.

2024 жылдың 10 - 21 маусым аралығын қамтыған біліктілік арттыру курсын өту барысында біз етті бағыттағы ірі қара малының тұқымдары мен олардың тұқым стандарттарын, өсіру әдістерін, бағалау барысында қолданылатын нормативтік құжаттары мен  дене құрылысы мен экстерьерін жаңа үлгіде 3D интерактивті технология тәсілдерімен бағалау арқылы, малдың жалпы дамуының баптарын дұрыс анықтап, кешенді бағалауды және ақпараттық талдау жүйесіне бонитировка нәтижелерін тіркеу жолдарын жан-жақты меңгердік» - деген Ғалия Решатқызы Гайдулинаның оң пікірін Қазақстанның шығыс өңірінен білімін шыңдауға келген Чакеев Мұрат Манапұлы жалғастырды.

«Мен зоотехник маманы ретінде кәсіби біліктілігімді көтеру үшін Шығыс Қазақстан облысынан келдім. Менің алыс өңірден келгенімді ескеріп Университеттің жатақханасынан орын беріліп, курстан өту кезеңінде барлық жағдай жасалды. Мен «Етті бағыттағы ірі қара малын кешенді бағалау (бонитерлеу)» тақырыбында өткен біліктілік арттыру курсының тыңдаушысы ретінде өзіме етті ірі қара малының тұқымдары мен мал өсірудің жаңа әдістерін, дене бітімі мен экстерьерін электрондық бейне жазба үлгісінде 3D интерактивті технология тәсілдерімен бағалау арқылы, малдың сырт пішінін дұрыс анықтап, кешенді бағалау жолдарын толық меңгердім. Екі аптаға созылған бонитерлердің біліктілігін арттыру курсы маған ерекше әсер қалдырды, әрі көп ақпарат алуға мүмкіндік берді» - деп Мұрат Манапұлы курстық оқытудың мазмұны мен маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар курс тыңдаушылары бонитерлердің біліктілігін арттыру курсын жоғары деңгейде ұйымдастырған С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің басшылығына, Профессорлық-оқытушылық жұмыс орталығының ұжымына және курс тыңдаушыларына өзінің тәжірибесімен, білімімен бөлісіп, етті ірі қара малын бағалаудың замануи талаптарының барлық қыр-сырын, тәсілдерін дәріс барысында жетік түсіндіре білген курс жетекшісі – сарапшы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрлыбай Жігербайұлы Қажғалиевке зор алғыстарын білдірді.