Басты бет / Жаңалықтар / ҚазАТЗУ-да Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті
ҚазАТЗУ-да Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті

Просмотров: 438

2024 жылғы мамырдың 30 күні С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті Ғылыми кеңесінің кеңейтілген жоспарлы мәжілісі өтті. Мәжіліске Басқарма төрағасының іс-сапарда болуына байланысты Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Әбішева Роза Жанысбекқызы төрағалық етті.

Күн тәртібіне келсек, Ғылыми кеңестің бекітілген жоспарына сәйкес келесідей мәселелер бойынша баяндамалар тыңдалып, тиісті шешімдер қабылданды.

Атап айтсақ, Басқарма мүшесі – ғылыми және инновациялық қызмет жөніндегі проректор Е.Сырғалиев «Университеттегі ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметтің 2023 жылдағы қорытындысы туралы» есеп берді. Талқылау барысында айтылған ескертулер мен ұсыныстар бойынша Жол картасын әзірлеу тапсырылды.

Екінші мәселе – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының 2023-2024 оқу жылында жүзеге асырылуы туралы» Комплаенс қызметінің жетекшісі Қ.Токушев баяндама жасады. Университет қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатын және корпоративтік әдеп мәселелерін сақтауын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында университетте Комплаенс бақылау және корпоративтік әдеп бойынша Қоғамдық кеңес жоспарлы түрде жұмыс жасап келеді. Бұл Кеңес осы оқу жылы ішінде жалпы 11 отырыс өткізіп, бүгінгі күні, көзделген мақсаттарға қол жеткізіп отыр. Талқылау барысында оқу процесіне «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет» пәнін енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Келесі оқу жылының жоспарына құрылымдық бөлімдерден ұсыныстар беру қажеттігі айтылды.

Ағымдағы мәселелерде келесідей сұрақтар талқыға салынды: қауымдастырылған профессор (доцент) және профессор ғылыми атақтарын ізденуші 13 қызметкердің құжаттары қарастырылып, талапқа сай деп танылды. Алдағы уақытта, олардың аттестациялық істері уәкілетті органға ұсынылатын болады. Сонымен қатар, «Ветеринария» бағыты бойынша Ресей халықтар достығы университетімен (РУДН) бірлесіп әзірленген бакалавриаттың қос дипломды білім беру бағдарламасы бекітілді. Оқулықтар мен оқу құралдарын, монографияларды баспа бетінде жариялауға рұқсат берілді. Президенттік стипендияға үміткер студенттердің тізімі де қарастырылды. Конкурс бойынша балдық-рейтингтік жүйе негізінде 20 студенттің 18-і іріктеліп алынған. Стипендия алуға үміткер ретінде «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» даярлау бағыты бойынша оқитын білім алушыларға басымдық беріліп отыр.

Сондай-ақ Әкімшілік департаменті «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» КеАҚ-ның Ішкі тәртіп ережелерін бекітуге ұсынып, бірауыздан қабылданды.

Қорытындылай келе, күн тәртібіндегі барлық мәселелер қаралып, оң шешімдер қабылданды.