Басты бет / Жаңалықтар / ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы – Ректоры Қ.М.Тіреуов AGH Ғылым және технологиялар университетінің делегациясымен кездесті
ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы – Ректоры Қ.М.Тіреуов AGH Ғылым және технологиялар университетінің делегациясымен кездесті

Просмотров: 210

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті халықаралық ынтымақтастықты кеңейту саласында белсенді жұмыс жүргізуде. Бүгінде университет әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен ғылыми және академиялық мәселелерде өзара білім алмасу бойынша тұрақты байланыстар орнатқан. Атап айтсақ, ҚазАТЗУ әлемнің 35 елімен 180-нен астам қолданыстағы келісімдер мен меморандум аясында жұмыс істеп келеді. Солардың бірі – Польшаның Краков қаласындағы AGH Ғылым және технологиялар университеті.

Қос тараптық серіктестікті арттыру мақсатында 2024 жылғы 17 маусымда ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қанат Маратұлы Тіреуов AGH Ғылым және технологиялар университетінің профессорлары Яцек Чеслик мырза мен Эва Слободзян ханыммен арнайы кездесті.

Ресми кездесуге университет проректорлары, департамент директорлары және факультет декандары қатысты.

Кездесу барысында Ректор Қанат Маратұлы С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ туралы толыққанды ақпарат беріп, трансформация аясында бүгінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, толығырақ баяндады.

«1957 жылы негізі қаланған біздің университет – Елордадағы алғашқы жоғары оқу орны. Біздің университет бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейіндегі барлық негізгі оқу бағдарламалары бойынша жоғары білім ұсынады. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті жобалық басқарудың халықаралық стандартын қолдана отырып, 2022 жылдың қараша айынан бастап ЖОО-ны әлемдік деңгейдегі университетке айналдыру процесін бастады. Негізгі мақсат – әлемдегі ең үздік 500 университеттің қатарына кіру. Ұжымның үйлесімді жұмысының арқасында университет жаһандық жоғары оқу орындарының ең ірі әлемдік рейтингтерінде лайықты орын алады.

2023 жылы университет ресми түрде ғылыми-зерттеу университеті мәртебесіне ие болды. Университет серіктестер желісін кеңейту және халықаралық жобаларға қатысу арқылы AGH Ғылым және технологиялар университетімен халықаралық байланыстарды одан әрі нығайтуға ниетті», - деді Қанат Маратұлы.

Өз кезегінде AGH Ғылым және технологиялар университетінің профессорлары Яцек Чеслик мырза мен Эва Слободзян ханым Қанат Маратұлына бүгінгі кездесу үшін алғысын білдіре келе, ҚазАТЗУ мен AGH University арасында өзара тиімді ынтымақтастықты жаңа деңгейде нығайтуға ықыласты екенін жеткізді.

«AGH University – білімге негізделген қоғам құруға және инновациялық технологияларды дамытуға белсенді қатысатын заманауи университет. Біздің университет елімізде беделді орынға ие және шетелде жақсы танылған. AGH университеті – зерттеу университеті мәртебесі бар Польшадағы 10 жоғары оқу орнының бірі. Оқу ордасында 19 000-нан астам студенттер білім алады. Тәжірибелі қызметкерлер, озық зертханалар, бірегей кампус және ең алдымен, AGH университет қауымдастығын байланыстыратын байланыстар – біздің ең үлкен активтеріміз. AGH University мен ҚазАТЗУ арасында 2015 жылдан бері ынтымақтастық орнаған. Серіктестік нәтижесінде екі университеттердің профессорлық-оқытушылар құрамы бір-бірімен тығыз және жемісті ынтымақтасып келеді», - деген Яцек Чеслик мырза Польша мен Краков туралы бейнебаян көрсетіп, 1912 жылы негізі қаланған университет өмірімен толыққанды таныстырды.

«Сіздерге біздің университетпен жемісті ынтымақтастығымыз үшін шын жүректен алғысымызды және терең ризашылығымызды білдіреміз. Бүгінгі сапарларыңыз біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынасымыз бен ынтымақтастығымызға жаңа серпін беретініне сенімдімін. Болашақта да біздің қарым-қатынасымыз өзара тиімді негізде құрылады, ал сіздердің зор тәжірибелеріңіз бізге стратегиялық серіктестікте бағдар және үлгі болады деп үміттенеміз», - деді Ректор Қанат Маратұлы.

Сындарлы пікірталас соңында Қанат Маратұлы сыйлы қонақтарға дәстүр бойынша университеттің кәдесыйын сыйлады. Өз кезегінде шетелдік профессорлар Яцек Чеслик мырза мен Эва Слободзян ханым маңызды кездесу үшін Басқарма төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қанат Маратұлы Тіреуов пен университет ұжымына алғысын білдірді.

Ясмина Найзақұл