Басты бет / Жаңалықтар / Қытайлық кәсіпкерлермен су мәселесі талқыға түсті
Қытайлық кәсіпкерлермен су мәселесі талқыға түсті

Просмотров: 1293

Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар жыл өткен сайын қарқынды дамып келеді.

Бүгін С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы-Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қ.М.Тіреуов DAYU Irrigation Group Company вице-президенті Цуй Жинг ханыммен және компания өкілдерімен кездесті.

Кездесуді ашқан С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы-Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қ.М.Тіреуов Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетіне және бас қаламыз - Астанаға келген компания басшылығына екі жақты ынтымақтастығымыздың дамуына қосып отырған үлестері үшін алғыс білдіре отырып, осы кездесудің біздің университеттеріміз үшін үлкен маңыздылығы бар екенін атап өтті.

Сонымен бірге Қанат Маратұлы бүгінгі кездесудің Қазақстан үшін маңызды рөл болып саналатын су ресурстары проблемаларына арналғанын баса айтты.

Соңғы екі онжылдықта планетаның су ресурстарының жай-күйі, оларды тұтынудың өсуіне және ластану көлеміне байланысты алаңдаушылық артып келеді.

Орталық Азия елдерінде ирригацияның кеңінен пайдаланылуы, сондай-ақ индустрияландыру қарқынының жеделдеуі аймақтағы онсыз да шектеулі су ресурстарының тапшылығына әкелді дей келе, Сейфуллин университетінің басшысы университетімізде бакалаврлар үшін "Су ресурстары және гидрология" және магистранттар үшін "Су ресурстарын басқару және су дипломатиясы" атты 2 жаңа білім беру бағдарламасын әзірлегенін, биыл университет аталған білім беру бағдарламалары бойынша студенттер мен магистранттарды алғаш рет қабылдайтыны туралы айтты.

- С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ алғашқы рет су ресурстары мәселелеріне арналған Халықаралық жазғы мектептің жұмысы кеше басталып, Орталық Азия мемлекеттерінен және Қытай Халық Республикасынан келген студенттер, ғалымдар мен су ресурстары саласындағы мамандар білім алып, байланыс орнатылады.

Университет ғалымдары Қазақстанның және әлемнің су тапшылығын шешу және оны тиімді қолдану бойынша технологияларды мұқият талдау жүргізіп отырады. Сондықтан, бүгінгі кездесуіміз нәтижелі болуы үшін біз бірқатар ұсыныстар дайындадық:

Қытай Халық Республикасының су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша озық технологияларын зерттеумен және өндіріске енгізумен айналысатын заманауи және осы саладағы көшбасшы болып табылатын жоғары оқу орнының біздің Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде өз филиалын ашу;

Болашақта су ресурстарының мәселелерін шешумен айналысатын мамандарды даярлау мақсатында Қытай университетімен бірлескен және қосдипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру;

Қытай университетімен және ДАЮ Ирригейшн Груп Компанимен бірлесе отырып, Сакен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің базасында ирригация, мелиорация және басқа да су мәселелерімен айналысатын Су ресурстарын басқару бойынша Қазақстан-Қытай хабын құру, екендігін С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы-Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қ.М.Тіреуов атап айтты.

Өз кезегінде DAYU Irrigation Group Company вице-президенті Цуй Жинг ханым өзімен бірге келген ДАЮ Ирригейшн Груп Компани өкілдерімен таныстырып, компанияның бағыт-бағдарына тоқталды.

Құрылған күннен бастап 20 жыл бойы компания ауыл шаруашылығы, ауылдық жерлер мен су ресурстарының мәселелерін шешу мен оған қызмет көрсетуде. Ол ауылшаруашылық суларын үнемдеуді, қала мен ауылды сумен қамтамасыз етуге, су жүйесін қосу, суды экологиялық тазарту мен қалпына келтіруге және жобалық жоспарлаумен айналысады. Компания Қытайдағы ауылшаруашылық суларын үнемдеу саласында №1 орынға ие, сонымен қатар әлемдік көшбасшы ретінде танылған.

Бұдан соң, Қонақтарға С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ туралы слайд көрсетіліп, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Басқарма мүшесі-академиялық мәселелер жөніндегі проректор, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Р.Ж.Абишева университет жайлы егжей-тегжейлі баяндады.

Айта кетерлік жайт, Қытайдың DAYU Irrigation Group Company вице-президенті Цуй Жинг ханым мен компания өкілдері Сейфулин университетінің ІТ-инфрақұрылымы мен кадрлар даярлау деңгейіне, сондай-ақ университеттің ғылыми-зерттеу әлеуетіне жоғары баға берді.

 

                                                                                                                        Мақпал Орынбетова