Басты бет / Жаңалықтар / Мемлекет басшысы ғалымдармен кездесті
Мемлекет басшысы ғалымдармен кездесті

Просмотров: 603

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға сапары барысында ғалымдармен кездесті. Бұл кездесуге С.Сейфуллн атындағы ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы - Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қ.М.Тіреуов қатысты.

Мемлекет басшысы:

«Бүгін Сіздермен Ғылым ордасында жиналып отырмыз. Қуаныштымын. Бұл – қазақ ғылымының қара шаңырағы.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, соңғы кездері бұл ғимарат әбден тозып кетті. Сондықтан мен осыдан екі жыл бұрын бұл жерде күрделі жөндеу жүргізу жөнінде нақты тапсырма бердім. Содан бері біраз шаруа атқарылды. Іші де, сырты да заман талабына сай жаңғыртылды. Ең бастысы, ғимараттың тарихи келбеті сақталды. Жыл соңына дейін бұл жұмыс толық аяқталады, абаттандыру жұмысы жүргізіледі. Жаңарған Ғылым ордасы бүгінгі және болашақ ғалымдар үшін қызмет ете береді.

Жалпы, осы жерде халқымыздың көптеген көрнекті ғалымдары еңбек еткен. Ғылым ордасында есімі ел тарихына жазылған біртуар тұлғаларымыздың ізі қалған. Сондай ұлт перзенттерінің бірі әрі бірегейі – академик Қаныш Сәтбаев. Биыл ғалымның туғанына 125 жыл толды. Академик Қаныш Сәтбаев елімізді өркендетуге орасан зор үлес қосты. «Ғалымның хаты өлмейді» деген. Халқымыз әлі күнге дейін оның ашқан жаңалықтарының игілігін көріп отыр.

Қазір – ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен, осы екі саланы дамытуымыз керек. Бұдан басқа жол жоқ»

«Қазақстан агроөнеркәсіп кешенін дамытуда мол әлеуетке ие әрі аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қоса алады. Бірақ, өкінішке қарай, бұл – алға қойылған мұрат қана. Ол үшін көп жұмыс істеу керек. Ауыл шаруашылығындағы барлық мүмкіндікті іске асыру мақсатында еңбек өнімділігін едәуір арттыру қажет. Сондықтан аграрлық ғылымды дамытудың, агроөнеркәсіп кешеніне заманауи технологияларды енгізудің мәні зор.

Ғалымдарымыз малдың тұқымын асылдандырумен айналысып, климатымызға бейімделген, мол өнім беретін әрі қуаңшылыққа төзімді өсімдік сұрыптарын шығарып жатыр. Бұл жұмысты барынша күшейту қажет.

Еліміздің орасан зор көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалану керек. Транскаспий халықаралық көлік бағыты әлемдік саудада мол мүмкіндіктерге жол ашады. 2027 жылға қарай осы дәліз арқылы жүк тасымалдау көлемін жылына 10 миллион тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Еліміздің Еуразиядағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін нығайту үшін автокөлік, әуе және теміржол тасымалын дамытқан жөн»

«Өздеріңізге мәлім, ғылымға бөлінетін қаржы ұдайы артып келеді. Білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны соңғы жылдары бір жарым есе көбейді.

Қазақстанда әлемнің беделді 12 жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеп тұр. Көп ұзамай тағы бірнешеуі ашылады. Зерттеу жұмыстарымен айналысатын университеттер көбеюде. Технология парктері және инжиниринг орталықтары ашылып жатыр. Жыл сайын 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді. Министрлік жас ғалымдарға мыңдаған грант бөліп жатыр. Мұның бәрі ғылымды дамытуға оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын.

Мен шетелге сапарларым кезінде ғалымдармен жиі кездесемін. Оларды қазақ ғалымдарымен тығыз байланыс орнатуға шақырамын. Өткен аптада сингапурлық ғалымдармен және ондағы жоғары оқу орындарының ректорларымен арнайы жүздестім. Енді Сингапурда ғылыми кадрларымызды оқытатын болдық. Жалпы, Сингапур сияқты экономикасы озық елдерден көп нәрсе үйренуге болады.

Постиндустриалды дәуірде әлемге ашық болу және инновацияға ұмтылу кез келген елдің табысқа жетуі үшін аса маңызды фактор саналады. Сондықтан үздік халықаралық тәжірибені мұқият зерттейміз және одан үлгі аламыз. Озық технологиялар мен идеяларды енгіземіз»