Басты бет / Жаңалықтар / «Мен - қазақпын, мың өліп, мың тірілген...»
«Мен - қазақпын, мың өліп, мың тірілген...»

Просмотров: 810

XX ғасырдың басында әр кезеңде, әр жерде қазақтың жерін зарлы үн жайлады...  

Қайран, қазақ елі... Бүгінгі біздерге, бізден кейінгі толқынға айтылмаған, айта алмаған қалың қасіретке толы сыр мен мұң жетерлік... Оған мына маңғаз кең дала, асқар таулар, өзен-көлдер, құм-шөлдер, тарихи ескерткіштер, мазарлар мен ескерткіштер куә.

Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы бұл дүниеде не көрмеді? Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан бастап, 1932, 1937-38  жылдарға дейінгі аралықта халқымыздың осынау кең даладан жойылып кету қаупі бір емес, бірнеше рет болды.

Біздің еліміздегі алғашқы репрессия 1928 жылы басталды. 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің  бірінші хатшысы болып келген Ф.И.Голощекин республиканың саяси-экономикалық және әлеуметтік жағдайымен танысқан соң, «Қазақстанға Ұлы Қазан революциясының ешқандай ықпалы болмады, сондықтан мұнда «Кіші Қазан» революциясын жасау керек», - деген теріс тұжырымға келіп, республикада репрессиялык шараларды қолға алды. Ол ең алдымен елді соңынан ертетін ұлт көсемдеріне,  зиялыларға ауыз салады. Бетке ұстар асыл ерлеріміздің соңына түсті... Солардын ішінде Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, А.Байтұрсынұлы, С.Сейфуллин, Х. және Ж. Досмұхамедовтер, М. Тынышбаев, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Жұмабаев т.б. болды.

1930 жылдары Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді. «Халық жауы» деген желеумен ұсталғандардың отбасының ойранын шығарып, тұқымдарын тұздай құртуға тырысты...

Жалпы 1930-1953 жылдары аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға құрбаны болса, оған алдымен интелегенция өкілдері ұшырады. Осы кезеңде қазақ халқы 40 пайызға азайды. Ал Қазақстан аумағында орналасқан лагерлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары, латыштар мен басқа да ұлт өкілдері отырғызылды.

Осыған орай, 1997 жылдан бері 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандары күні болып жарияланды. Ал, ҚР үкіметі жыл сайын 31 мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған іс-шараларды өткізіп келеді.  Бұл күні ел болып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, руһтарына тағзым етіп келеміз.

Ел іргесі аман, бейбіт заман болсын!

Мақпал Орынбетова