Басты бет / Жаңалықтар / Рухани құндылықтарды насихаттайтын кездесу
Рухани құндылықтарды насихаттайтын кездесу

Просмотров: 706

Бүгін С.Сейфуллин университетінде Бас мүфтимен екі кездесу болды. Жоғары мәртебелі меймандар алдымен университет мұражайында болып, тарихы тереңге кеткен ордалы оқу ордамызбен танысты. Содан соң, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ оқытушы – профессорлық құрамымен университеттің кіші залында кездесті. Онда С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы-Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қ.М.Тіреуов ҚМДБ төрағасы, еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлын жылы жүзбен қарсы алды. Кездесу барысында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы еліміздегі діни ахуал жайлы, тәлімді тәрбиеге шақыратын әсерлі әңгімелерін айтып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының биылғы атқарып жатқан жұмыстары және алдағы жоспары туралы баяндады.

Университетіміздің профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттермен кездесу үшін алтын уақытын қиып келген Бас мүфтиді С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы-Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қ.М.Тіреуов алғысын білдіріп, биыл туғанына 130 жыл толатын мемлекет қайраткері, ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің медалімен марапаттады.

Бас мүфтимен бірге кездесуге ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мажиев, Діни білім және кадр даярлау бөлімінің басшысы Хасан Аманқұлов, Діни сараптама бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Қайырбеков келді. Университетіміздің Гендельман залында өткен студент жастармен кездесуін ашқан С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы-Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қ.М.Тіреуов ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен жиналған жұртшылықты таныстырып, Бас мүфтидің студент-жастармен кездесуге келгеніне алғысын білдірді.

«Бүгінгі кездесу мақсаты: Ислам дінінің қазақ даласына қанат жаюы, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр жөнінде пікір алмасу. Қазақ халқы – ежелден ынтымақ пен бірлікті басты байлық санаған. Қазіргі кезде қазақстандық татулық, сыйластық сол дәстүрдің жалғасы және оны жас буынның бойына сіңіру – біздің басты міндетіміз. Бұл берекелі істе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атқарып жатқан еңбегі елеулі екенін ерекше атап өткім келеді.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев: «Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс. Бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Тағы да қайталаймын, еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар. Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз» деп сипаттады.

Әсіресе, жастар арасында  діни тәрбиенің алар орны ерекше. Діни тәрбие жәй ғана айта салатын сөз емес. Оның астарында ұлт болып ұйысудың, елін сүйген, жерін сүйген патриотизмнің жатқанын ешқашан ұмытпауымыз керек. Университет ұжымы атынан болашақта да Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен руханият саласындағы ортақ мақсаттарды жүзеге асыруға бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіземіз», - дей келіп, Қанат Маратұлы діни сауаттылық, ата-баба дәстүрімен ұштасқан мұсылмандық жолымыз туралы айту үшін сөз кезегін Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына берді.

Бас мүфти өз кезегінде тәрбиелік маңызы зор әсерлі ойларымен бөлісті. Мысалы жігіттің уәдеге беріктігі, тақуалық, бос уақытты тиімді өткізу, құмар ойындарға берілмеу, ата-анаға құрмет, үлкендердің батасын алу, смартфонға тәуелділік, білімпаздық, еңбекқорлық сияқты мәселелерге тоқталып өтті. Студенттер қауымы өздерін мазалап жүрген сауалдарға жауап алды. Шараның соңында жас буынды тәрбиелеуде ұлттық сана, салт- дәстүр мен рухани тәрбиенің маңызды орын алатындығы баса айтылды.

Кездесудің соңында ҚМДБ әзірлеген шағын бейне ролик кездесуге қатысушылардың назарына ұсынылды.

Анықтама:

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Төрағасы,

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 1977 жылдың 13 наурызында дүниеге келген.

1993-1997 жылдары Ташкенттегі «Имам Әл-Бұхари» атындағы Ислам институтында оқып жоғарғы діни білім алған.

1999-2001 жылдары ҚМДБ жанындағы Ислам институтында оқыған.

2009 жылы Мысыр Араб Республикасында қысқа мерзімде діни білімін жетілдірген.

2010 жылы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің «Тарих» факультетін сырттай оқып бітіріп жоғарғы білім алған.

2011-2013 жылдары аталған университеттің «Дінтану» мамандығы бойынша магистратурасын бітірген.

2017 жылдан бастап «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде «Исламтану» мамандығы бойынша PhD докторантурасында оқуда.

Республикалық БАҚ беттерінде жарияланған көптеген діни, рухани-танымдық мақалалар мен «Үміт сәулесі», «Мазһабсызбен сұхбат» атты кітаптардың авторы.

«Құрмет» орденінің иегері, Қазақтан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы медалінің және Қазақтан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы медалінің иегері.

Мақпал Орынбетова