Басты бет / Жаңалықтар / С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ-да түлектерге диплом табыстау рәсімі өтті
С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ-да түлектерге диплом табыстау рәсімі өтті

Просмотров: 957

Бүгін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде ерекше күн. Себебі, бүгін кеше ғана университет табалдырығын аттаған студенттеріміз қанаттарын қатайтып, үлкен өмірге жолдама алды.

2024 жылдың 26 маусым күні С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде кезекті диплом табыстау рәсімі өтті.

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ бас ғимаратының алдындағы алаңда, М.Гендельман атындағы залда, агрономиялық факультет пен техникалық факультеттің алаңында салтанатты жиындар өткізіліп, университеттің экономикалық факультеті, компьютерлік жүйелер және кәсіптік білім беру факультеті, энергетикалық факультет және техникалық факультеттердің түлектеріне диплом табысталды.

Биыл бакалавриат бойынша – 2367 түлек, магистратура бойынша – 154 түлек оқуларын аяқтады.

Салтанатты жиында Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Р.Ж.Әбішева, Басқарма мүшесі – ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі проректор, физика-математика ғылымдарының кандидаты Е.Ө. Сырғалиев, Басқарма мүшесі – студенттік істер жөніндегі проректор, филология ғылымдарының докторы Ж.А. Құсайынова, қаржы директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Е.К. Арпабаев пен факультет декандары құттықтау сөз сөйлеп, түлектерге салтанатты түрде диплом табыстады.

Төрт жыл бойы университеттің әлеуметтік, мәдени өміріне белсене қатысып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған үздік студенттерге алғыс хат пен арнайы кітаптар естелік сыйға берілді.

Түлектердің қуанышын бірге бөлісу үшін арнайы келген құрметті қонақтардың қатарында Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері,  ҚР Мәдениет министрі (2003-2004ж), ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының (TÜRKSOY) Бас хатшысы (2008-2014ж), ҚР Төтенше және Өкілетті елшісі,  Қазақстан Республикасының өнер қайраткері, профессор Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов; ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетіне қарасты Геральдикалық зерттеулер орталығы директоры Қалқаман Айымғазыұлы Сарин; ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Астана филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, қазақстандық кәсіпкер, мемлекет, қоғам және саяси қайраткер, V сайланған Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ түлегі Талғат Файзуллиұлы Ерғалиев, Сейфуллин университеті түлектері клубының төрағасы Александр Викторович Майер және жұмыс берушілер тарапы болды.

Өз кезегінде бітіруші түлектер мен ата-аналар қауымы жүрекжарды тілектерін айтып, университет басшылығы мен профессорлық-оқытушылар құрамына деген шынайы алғыстарын білдірді.

«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан...» деп Абай атамыз айтқандай, үлкен өмірге қадам басқан жас түлектерге өмірден өз орнын табуларына тілектеспіз!  

Еліміздің әр түкпірінде өз салаларының мықты маманы атанып, биік белестерден көрініңіздер!  

Ясмина Найзақұл