Басты бет / Жаңалықтар / С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ мен Оңтүстік Африка Республикасы арасындағы серіктестік мәселелері талқыланды
С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ мен Оңтүстік Африка Республикасы арасындағы серіктестік мәселелері талқыланды

Просмотров: 1001

Қазақстан мен Оңтүстік Африка стратегиялық қатынастары бүгінде достық, өзара түсіністік және ынтымақтастық рухында қарқынды дамып келеді.

Қос тараптық серіктестікті арттыру мақсатында 2024 жылғы 11 маусымда ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қанат Маратұлы Тіреуов Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісінің кеңесшісі Пис Кеннеди мырзамен арнайы кездесті.

Ресми кездесуге университет проректорлары мен департамент директорлары қатысты.

Кездесу барысында Ректор Қанат Маратұлы С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ туралы толыққанды ақпарат беріп, трансформация аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, толығырақ баяндады.

«1957 жылы негізі қаланған біздің университет – Елордадағы алғашқы жоғары оқу орны. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті жобалық басқарудың халықаралық стандартын қолдана отырып, 2022 жылдың қараша айынан бастап ЖОО-ны әлемдік деңгейдегі университетке айналдыру процесін бастады. Негізгі мақсат – әлемдегі ең үздік 500 университеттің қатарына кіру. Ұжымның үйлесімді жұмысының арқасында университет университеттердің ең ірі әлемдік рейтингтерінде лайықты орын алады. 2024 жылы университет әлемнің 35 елімен 180-нен астам қолданыстағы келісімдер мен меморандум аясында жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда біздің университетте Қытай, Моңғолия, Нигерия, Ресей, Қырғызстан, Армения, Әзірбайжан және т.б. сияқты 14 елден 106 шетелдік азамат оқиды. 2023 жылы университет ресми түрде ғылыми-зерттеу университеті мәртебесіне ие болды, ол республикалық және халықаралық жобалар шеңберінде ғылыми-зерттеу жұмыстарына серпін береді.

Университет серіктестер желісін кеңейту және халықаралық жобаларға қатысу арқылы Оңтүстік Африка Республикасының университеттерімен және ғылыми ұйымдарымен халықаралық байланыстарды одан әрі нығайтуға ниетті», - деді Қанат Маратұлы.

Өз кезегінде Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісінің кеңесшісі Пис Кеннеди мырза Қанат Маратұлына бүгінгі кездесу үшін алғысын білдіре келе, ҚазАТЗУ мен Оңтүстік Африка Республикасы арасында өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ықыласты екенін жеткізді.

«Оңтүстік Африка Республикасында 100-ден астам жоғары оқу орындары бар. Елімізде ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Халықтың 85%-ы аграрлық салада жұмыс істейді. Еліміздегі реформаның басты мақсатының бірі – ауыл шаруашылығы саласында тиімді және бәсекеге қабілетті секторлар құру. Реформа шағын және орта секторды қолдауды көздейді. Екі тараптық ынтымақтастық жөніндегі меморандумға отыру аясында университетпен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Халықаралық деңгейдегі семинарлар өткізу және қос дипломды бағдарлама бойынша студенттердің білім алмасуына ықпал етуге дайынбыз», - деді Пис Кеннеди мырза.

Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісінің кеңесшісі Пис Кеннеди мырзаның университеттің халықаралық деңгейдегі қарым-қатынасы туралы сауалдарына Басқарма төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қанат Маратұлы Тіреуов толыққанды жауап қайтарды.

«Біздің университетке осы сапарыңыз үшін алғыс білдіремін және бұл біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынасымыз бен ынтымақтастығымызға жаңа серпін беретініне сенімдімін. Сіздерге біздің университетпен жемісті ынтымақтастығымыз үшін шын жүректен алғыс білдіреміз және Оңтүстік Африка университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен жұмыс істеуге дайынбыз», - деді Ректор Қанат Маратұлы.

Сындарлы пікірталас соңында Қанат Маратұлы Пис Кеннеди мырзаға дәстүр бойынша университетің кәдесыйын сыйлады. Өз кезегінде Пис Кеннеди мырза қазақша тілге аударылған африкалық кітапты университет кітапханасына тарту етті.

Ясмина Найзақұл