Басты бет / Жаңалықтар / «Су және орман ресурстарын қорғау» атты ІХ халықаралық Жазғы Мектебі өз жұмысын бастады
«Су және орман ресурстарын қорғау» атты ІХ халықаралық Жазғы Мектебі өз жұмысын бастады

Просмотров: 515

                                                                                        

Бүгін С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ базасында «Су және орман ресурстарын қорғау» атты ІХ халықаралық Жазғы Мектеп өз жұмысын бастады.

Мектептің ашылуында сөз сөйлеген С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ басқарма төрағасы-Ректоры, экономика ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Қ.М.Тіреуов:

- Мен Сіздерді Қазақстанның жетекші аграрлық жоғары оқу орындарының бірі Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде қарсы алуға қуаныштымын.

Бүгінгі іс-шара бүкіл Орталық Азия үшін маңызды рөл атқаратын Қазақстандағы су ресурстары проблемаларына арналғанын атап өткім келеді.

Су секторы саласындағы маңызды компонент әлеуетті арттыру және кәсіби кадрларды даярлау болып табылады. Сәкен Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты арттыруға, су секторы саласындағы өзекті мәселелерді шешу үшін басқарушылардың жаңа буынын даярлауға бағытталған жобаның белсенді қатысушысы болып табылады, дей келе «Су және орман ресурстарын қорғау» атты ІХ халықаралық Жазғы Мектебі қатысушыларын таныстырып, жазғы мектептің мақсатын, жобаның діттеген нәтижесі жайлы толығымен баяндады.

Мектептің мақсаты - жаңа білім беру, су ресурстары және орман шаруашылығы саласында ғылыми зерттеулер жүргізудің инновациялық технологиялары мен әдістерін меңгеру. Бүгін ашылған мектеп 28 маусымға дейін жалғасын табады.

Мектепті ұйымдастырушы - Орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі және қоршаған орта факультеті орман ресурстары және орман шаруашылығы кафедрасы.

«Су және орман ресурстарын қорғау» атты ІХ халықаралық Жазғы Мектебі маусымның 18-21 арасында техникалық факультетіндегі Big Data аудиториясында, ал, 24 мен 28 маусым аралығында «Сарыарқа» оқу-өндірітік кешенінде өтеді.

Жазғы мектептің жұмысына Қырғызстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясының, Қырғыз ұлттық аграрлық университетінің студенттері, магистранттары, докторанттары, мамандары мен оқытушылар құрамы қатысуда. Қ.И. Скрябин атындағы Қырғыз-Ресей Славян университеті, Қырғыз Республикасының М.Рысқұлбеков атындағы Ғылыми зерттеу экономикалық университеті. (Қырғызстан), «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ғылыми-зерттеу университеті, Өзбекстан Республикасының Әлемдік экономика және дипломатия университеті (Өзбекстан), ШҰАР Ғылым академиясының география және экология институты (ҚХР), Тәжікстан аграрлық университеті (Тәжікстан), С.А. Ниязов  атындағы Түркіменстан аграрлық университеті (Түркіменстан), Қазақ-Неміс университеті, Қазақстан-Британ университеті, Батыс Мичиган университеті, Форт-Кенттегі Мэн университеті (АҚШ), Валенсия политехникалық университеті (Испания), Корвинус университеті (Венгрия), Су білімі институты (Нидерланды), РУДН университеті (РФ), Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі, География және су қауіпсіздігі институты (Алматы), Зоология институты (Алматы), «Ғарыш Сапары» ҰК АҚ, «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны, Жәңгір-Хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университеті, Торайғыров атындағы Павлодар университеті, Семей қаласындағы Шәкәрім университеті мен С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ қатысуда.

                                                                                                        Макпал Орынбетова