Басты бет / Жаңалықтар / «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы» өкілдерімен кездесу өтті
«Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы» өкілдерімен кездесу өтті

Просмотров: 39

2024 жылдың 26 сәуірі күні C.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің басшылары ұйымдастыруымен Online режимінде ZOOM арқылы «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы» қоғамдық ұйымының өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды.

Аталған іс-шараны университет ректорының міндетін атқарушы, Басқарма мүшесі - академиялық мәселелер бойынша проректор Әбішева Роза Жанысбекқызы салтанатты түрде ашып, төрткүл дүниеден жиналған қандастармен сүбелі сұқбат жүргізді. Өз кезегінде ҚазАТЗУ-дың әлеуетімен таныстырып, ҚР жоғары оқу орындарының ТОП-20 бас рейтингінің қорытындысы бойынша үздік университеттердің үштігіне кіретіндігін, сондай-ақ QS британдық әлемдік рейтингінің 4 жұлдызын иемденгендігі туралы айтты. Әлемнің 35 елінің ЖОО-мен және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық туралы 152 қолданыстағы келісімшарттар мен меморандум бар екендігін мәлімдеді. Студенттер жыл сайын Германия, Франция, ҚХР жетекші кәсіпорындары мен шаруашылықтарында теориялық және практикалық даярлықтан өту бойынша жазғы семестрге қатысатындығын баяндап, шет елден келіп білім алам деуші жастарға әрдайым есігіміз ашық екенін атап өтті.

Жалпы кездесуді ұйымдастыруға «Экономикалық  факультеттің» деканы Сабырова Мадина Елемесовна себепші болды. Қауымдастық өкілдерін білім саласына тартып, жастардың білім алып, ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға үгіт - насихат жұмысын жүргізуге бағыт-бағдар берді.

Кездесу Online режимінде ZOOM арқылы болғанымен де, өзіндік ерекше ыждағаттылықпен өтті. Ұлттық сезімдері басым, Отанға деген сағынышын жасыра алмаған қандастар Моңғолиядағы Баянөлгей өлкесіне, Ресейдің Астрахан, Омбы өлкесіне, Қытай Халық Республикасының Алтай, Құлжа өлкелеріне, Еуропа төрі Германиядан қандас бауырларымыз сөз алып, елге деген ыстық лебізін жеткізді.

Сондай-ақ кездесуге ҚР РФ Астрахан қаласындағы Бас консулдықтың 1-ші хатшы-консулы Спабек Бағлан мырза қатысып, үлкен компаниялар университеттерде өз филиалдарын өз қаражаттарымен ашып, өздеріне керек мамандықтарды оқытып, қызметкерлерін даярлап алатын тәжірибе барын айтып және әлеуметтік желіде оқу орнын іздегенде бірінші болып шығып тұратын жағдай жасауға болатынын, сол арқылы оқу орнының танымалдығы артатынын, елшіліктер мен консульдықтарға олардың сайттарына ақпарат салу керек деп өз ұсынысын жеткізді. Еуропа қазақтарының өкілі Өмірхан Алтын мырза, ата кәсібіміз тек малмен шектелмей, сұраныс жоғары балық өнімдерін өндіруді, оны заман талабына сай өңдеу жолдарын дамытуды ұсынды. Моңғолияның Білім,  ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық білім зерттеу институтының қазақ балаларының білім алу мәселелерін жауаптанушы ғылыми қызметкері Зүлмира Жаубайқызы болса жастардың Қазақстанға деген ықыласы ерекше, университет туралы ақпаратты барынша тарқатып, жарнамалаймыз деп жылы лебізін білдірді. РФ Омбы қаласындағы Мөлдір қазақ мәдени орталығының басшысы Алтынай Жүнісова да сәттілік тіледі. Біздің облыстардағы филиал басшыларымыз, оның ішінде белсенділік танытқан Омарәлі Әділбек, Меруеш Башай, Алтын Мәден, Нұрдаулет Бөкейхан, Бақыт Сарай, Досымбек Мұратұлы, Айгүл (Семейден) есімді әріптестерімізге әрдайым біргеміз дегіміз келеді.

Ортақ іс, игі бастама, ұрпақ қамы үшін еңбек етіп жатқан университет ұжымына алғыстарын білдірді.

Астананың төрінде орналасқан 65-жылдан астам тарихы бар С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетіне білім алуға шетел жастарын жіберетіндігін тілге тиек етті.

Сонымен қоса, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Халықаралық ынтымақтастық және академиялық ұтқырлық департаментінің директоры Жартай Жәнібек Маратұлы Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуға арналған стипендиялық бағдарлама бар екенін, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі шетел азаматтарын, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ  ұлтының тұлғаларын бакалавриат, магистратура мен PhD білім беру бағдарламалары бойынша жоғары оқу орындарында білім алуға шақырды.

Қабылдау комиссиясының аға менеджері Төлбаев Әбдікерім Әбеуұлы өз сөзінде қандастарға қандай жеңілдіктер бар екенін, қабылдау комиссиясының атқаратын жұмысы, ондағы ерекшеліктер мен өзгерістер, құжат қабылдау мерзімдері туралы баяндап берді.