Басты бет / Жаңалықтар / ҚазАТЗУ жалпықалалық сенбілікке қатысып, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ға челлендж жолдады
ҚазАТЗУ жалпықалалық сенбілікке қатысып, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ға челлендж жолдады

Просмотров: 596

Бүгін таңертең қала тұрғындары ақ жейде мен кепка киген жастардың Астана көшелерінің бойындағы жаяу жүргіншілер жолын, алаңдарды, ескерткіштер мен аумақтарды тазалап жатқанының куәсі болды. Астана қаласы әкімдігі және жастар саясаты басқармасымен бірлесіп С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ұйымдастыруымен қаланы тазарту мақсатында жаппай сенбілік өтті. «Астана – тазалық пен тәртіп үлгісі» атты қалалық сенбілік мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Студенттер елорданың оң жағалауындағы Сәкен Сейфуллин көшесі мен Жеңіс даңғылының бойындағы үлкен аумақты тазартты.

       «Биыл туғанына 130 жыл толатын көрнекті мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин есімін иеленіп отырған университет студенттерінің Сейфуллин атындағы көшенің көркеюіне үлесін қосуы да - заңдылық.   Бұл - ұлттық рухтың ұстыны болған ұлы тұлғаның қайраткерлік қасиеттерін жас ұрпақ бойына сіңіруге жасалған тағы бір қадам болды», - деді Басқарма төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА академигі Қанат Маратұлы Тіреуов.

Студенттер, оқытушылар мен қызметкерлер сәуірдің жылы шуағына шомыла жұмысқа құлшыныспен кірісті. «Еңбек бәрін де жеңбек» дегендей, таза ауада дос-жаран, курстас, әріптестер ортасындағы еңбекқорлық рухты көтеріп, көптің жүзінен нұрлы күлкі нұры төгілді.

Сенбілікке барлығы ҚазАТУ-дың 5000 студенті, 800 оқытушысы мен қызметкерлері қатысты.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенттері сенбілік челленджін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне жолдап, эстафетаны қабылдауды ұсынды.